Жүктеу
Басып шығару

Инга Сикорская: шиеленістерді көрсету кезіндегі бітімгерлік журналистика

Бітімгерлік журналистика немесе халықаралық тәжірибеде айтылатындай бейбіт журналистика деген не сұрағына жауап бере аласыз ба?

Бұл – позитив журналистика ма?

Бұл  – биліктің проблеманы қалай шешетінін көрсететін баяндау есебінен конфликтіні жұмсарту ма?

Әлде бұл – сіз көрсетіп отырған конфликтіні бұрамаламай хронология түрінде берген пікірлер мен дәйектердің балансы ма?

Ұсынылған үш сұрақтың ешқайсы да бітімгерлік журналистиканы сипаттай алмайды, себебі ол мүлдем басқа қағидаларға сүйеніп құрылады.

Бейбіт журналистикадағы үш «ЖОҚ» ережесі:
– Шиеленісті жұмсартуға жол ЖОҚ; – Шиеленіс себепкерлерін іздеуге жол ЖОҚ; – Пікірлер мен шағымдарды айқындалған дәйектер ретінде таратуға жол ЖОҚ.

Бітімгерлік журналистика редакторлар мен репортерлерге шиеленісті көрсету кезінде ТАҢДАУ жасауға, яғни аудиторияға шиеленіске қатысты зорлықсыз реакцияны қарастыруға мүмкіндік беру үшін қандай контекстіде және қандай дәйектерді ұсынуды шешуге мүмкіндік береді. Шиеленістер медиадағы күнделікті жаңалықтар хабарламаларының негізгі бөлігін құрайды, ал адамдар әдетте бейбітшілікті қолдайтын әрекеттердің стандартты курсы ретінде зорлық туралы ақпарат алады.

Бұл ақпараттық ресурстарда көш бастайтын әскери жаңалықтар мен сенсацияларға деген сұранысты ескере отырып, бітімгерлік журналистика рөлінің артып жатқанын білдіреді. Журналистер бейбіт бастамаларды бастау үшін қоғамдық пікірді қалыптастыра отырып  шиеленістің, соғыстар немесе зорлықтың түрлі перспективаларын ұсыну үшін зерттеуді, талқылауды және диалог құруды әдетке айналдыруы керек.

Бейбіт журналистика дегеніміз – бұл редакторлар мен репортерлердің қоғамға конфликтіге зорлықсыз реакцияны қарастыруға мүмкіндік беру үшін болып жатқан шиеленіс туралы аудиторияға нені хабарлауға және қалай хабарлауға қатысты таңдау жасауы.

Халықаралық журналистика тарихында БАҚ–қа шиеленістерді одан әрі қоздыруға қатысты айыптар тағылған бірнеше жағдай болған. Көбінесе бұл конфликт жағдайын дұрыс көрсете алмауға немесе жеткілікті түрде тексерілмеген ақпаратқа байланысты болған еді.

Сондықтан да бітімгерлік журналистика қағидаларын түсіну бізге этнос аралық, конфессия аралық, діндер арасындағы, топтар арасындағы және әлеуметтік шиеленістер сияқты күрделі мәселелер туралы ақпарат тарату кезінде шығармашылық амалдарды қолдануға мүмкіндік береді.

Бейбіт журналистика құралдары келесілер туралы ақпарат таратқанда қолданылады:

  • этнос аралық
  • конфессия аралық
  • дін аралық
  • топ аралық
  • әлеуметтік шиеленістер

Бейбіт журналистика қағидалары:

Ымыраға бағдар ұстау

Бірінші және басты ереже: егер осындай шиеленістердің бірі туралы ақпарат таратсаңыз, онда сіз проблеманы 3 басты аспект арқылы зерттеуге тиіссіз:

а) бұл шиеленістің тараптары кім

б) конфликт тараптарының әрқайсының мақсаттары қандай

с) тараптардың шиеленісіне алып келген қандай проблемалары бар.

Адамдардан сұрап көріңіз: конфликт олардың күнделікті өміріне қалай әсер етті, олар ненің нақты өзгергенін қалайды және олардың көшбасшыларының позициясы тығырықтан шығудың жалғыз әрі ең нәтижелі жолы ма?

Сонымен қоса лидерлерінің сөздері арқылы тараптарға баға бермеңіз.

Бұл ережелерді қолдану сізге шиеленістегі екі тарап үшін де сіздің хикаяңыздың “ұтылыссыз” деп аталатын, жалпы ымыраға бағдарын қалыптастыруға және осы проблеманы шешу туралы дискуссияны бастауға мүмкіндік береді. Бұл шиеленістегі екі тарапқа да тең мүмкіндіктер бергеніңізді және бұдан екі тарап та “ұтатынын” білдіреді. Осылайша сіз балансқа қол жеткізесіз.

Мәселен, адамдардың әлеуметтік топтары арасында шиеленіс болды: парк аймағы маңындағы көп қабатты үйде тұратын, жер, экология үшін жаны ауыратын қалалық шағын аудан тұрғындары мен өз баспанасы жоқ, медициналық қызметтерге еркін қолы жете бермейтін, базарда жұмыс істейтін тұрғындар арасында дау туды делік. Соңғылары жазғы уақытта паркті қоныстады, себебі оның жанындағы ауруханаға балаларын жібереді. Ал ықшау аудан тұрғындары бұған қарсы болды да конфликт басталып кетті.

Сіз осы екі проблеманы аудитория екі тараптың да қажеттілігіне шүбә келтірмейтіндей барынша баланс сақтап көрсетуіңіз керек. Сіз баяндайтын оқиғаның ұтымды бағдары дегеніміз – бұл конфликтіні проблема ретінде толыққанды қарастыру үшін ашық кеңістікті құру, осылайша шиеленістің туындағанына назар аудартып, болуы мүмкін КӨРІНБЕЙТІН салдарының алдын алу.

Дәйекке бағдар ұстау

Сіз басшылыққа алатын екінші қағида – бұл тек дәйектерге негізделу, тараптардың ешқайсына жалған айтуға мүмкіндік бермеу, айла–қулықтарын ашып отыру. Дәйектерге сүйене отырып сіз әрбір тараптан бірдей көлемде алып, оларды тексеріп шығуыңыз керек.

Біздің жағдайымызда әлеуметтік шиеленісті зерттегенде конфликт тараптарының артында тұрған және мүлдем басқа мақсаттарды көздейтін адамдар немесе саяси күштердің; қандай да бір олигархтардың коммерциялық мүдделерін өткізіп жіберудің айла–шарғылары болуы мүмкін. Мұның барлығын фактологиялық ақпаратты іздеп, оны салыстыру арқылы талдау қажет.

Бұқара мен қарапайым адамдарға бағдар ұстау

Бейбіт журналистикадағы үшінші ереже – бұқара мен қарапайым адамдарға бағдар ұстану.

Маргинал топтар, азшылық топтардың үнін жеткізіңіз, олардың арасында қандай топқа қатысты болсын “бітімгерлер” табуға тырысыңыз, сонда сіздің репортажыңыздың қалай әсер ете алатынын көре аласыз.

Өз тәжірибемнен бір оқиғамен бөлісейін.

Ош қаласындағы орталық көшелердің бірі маусым оқиғалары кезінде. Фото: Инга Сикорская/IWPR

2010 жылы Қырғызстанның оңтүстігіндегі этникалық зорлық–зомбылық кезінде мен оқиға орнында болдым және материал дайындап жаттым, мен өз қауымында сөзі өтетін, жауласқан тараптарды ымыраға келтіру үшін беделі де жігері де бар қарапайым адамдардан шыққан лидерлердің потенциалды типін айқындадым. Бұл бір бірімен жауласқан қауымдастықтарда тұратын адамдар, бірақ олар екі тараппен де тең сөйлесіп, оларға сөзін өткізе алады. Қайғылы жағдайды реттеу бойынша жасаған қадамдарына зер салып өзім үшін маңыздыларын түртіп қойдым, сөйтіп олармен сөйлескен соң «Қырғызстандағы даурыққан жұртты көндірген, елеусіз қалған даналар»   материалын жаздым. Қорытынды ретінде зорлықтың эскалациясын болдырмау үшін бітімгерлік әдістерді қолдану ұсынылды. Түптеп келгенде бітімгерлік материалдағы батыл адамдарға қойылған акцент аудитория назарын бейбіт қоғамға аударуға, ал билікке шиеленісті реттеу үшін жергілікті бастамалардың бар екенін көрсетуге көмектесті.

Шешімге бағдар ұстау

Бейбітшілік = күштемеу + шығармашылық.

Осымен біз бейбіт журналистиканың соңғы, үшінші қағидасына да келіп қалдық. Ол ШЕШІМГЕ БАҒДАР ҰСТАУ деп аталады. Яғни оқиғаны баяндау кезінде біз келесі формаланы кеңінен қолдана аламыз: Бейбітшілік = күштемеу + шығармашылық.

Өзіңізге өмірлік маңызды бар сұрақ қойып көріңізші: «мен шиеленістің бәсеңдеуіне қол жеткізу үшін қандай көмек бере аламын?» Яғни конфликт ауқымын тарылту, шиенелісті төмендету, ымыраға келу. Бұл керемет миссия емес пе! Бұл жерде жауап бергенде шығармашылық  дегеніміз аудиторияға айтып отырған оқиғаның көзге көрінбейтін аспектілерін көрсету екенін түсініңіз. Бұл қағиданы іске асыру әдістерінің бірі «қарсы тарапқа қол жеткізу». Кәсіби журналистер екі тарап үшін де ортақ оқиғаларды іздеу арқылы жауласқан тараптардың арасындағы кедергілерді жеңуге көмектесте алады.

Дискуссиялар дау мен шиеленістердің өзара компромиссті  шешімдеріне жол ашады. Фото: IWPR

Мәселен, бұл экологиялық проблемаларды шешудегі ортақ амалдар, бизнес перспективалары, денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділік немесе ауыл шаруашылығын жүргізудің жаңа әдістері болуы мүмкін. Мұндай жжағдайларда екі тарап та бөлісе алатын шешімдер туралы баяндалады.

Мысалға алған қала тұрғындары мен ішкі мигранттар арасындағы әлеуметтік конфликтіге келсек, көп қабатты үй тұрғындарының арасында беделі жоғары әрі ішкі мигранттардың проблемасымен айналысуы тиіс, әрі осы құқықтары қоғалмаған топ қкілдері түрлі себептермен кіре алмайтын ведомство мен осы мигранттар арасында делдал бола алатын адамды табуға болады. Себебі оларды парк  аймағында орналастыру бұл тек конфликт құралы емес пе!

Сонымен бейбіт журналистика конфликтіге сезімтал оқиғалар туралы ақпарат бергенде негізгі ережені ұстанады: кез келген тарапты сипаттау кезінде ешқашан ғадауат тілін қолдануға болмайды.

Адамдардың басынан өткенін сипаттағанда бұлыңғыр эмоционалды сөздерді қолданудан АУЛАҚ БОЛЫҢЫЗ.

“Геноцид”– тұтас халықты қырып–жоюды білдіреді.
“Трагедия” – біреудің әлсіздігі не қателігі қайғылы жағдайға душар ететін драма формасы.

“Қанды қырғын” – қорғансыз әрі қарусыз адамдарды әдейі өлтіру.

“Кесірлі”, “қатал”, “хайуан” “жауыз” – террорист, фанатик, экстремист, фундаменталист.

Бұл ғадауат лексикасы әрқашан қарсы тарапты сипаттау кезінде қолданылады. Ал мұндай тілді қолдану журналист үшін осы тараптардың бірінің позициясын қабылдауды білдіреді. Яғни өзінің объективтілігін және әділдігін жоғалтты деген сөз.

 

Жаттығу


Ал енді бейбіт журналистика элементтерін қолдана отырып салыстырмалы жаттығу жасап көрейік. Екі жаңалықты мұқият талдап, қайсы бітімгерлік журналистика моделіне сай келейтінін анықтаңыз. Неліктен? Мұны түсіну үшін өзіңізге қоятын сұрақтар тізімін жасаңыз.

Скачать упражнение миротворческая журналистика

Егер сіз емле қатесін тапқан болсаңыз, бізге мәтінді таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басу арқылы хабарлаңыз.

Жүктеу
Басып шығару