Медиа-заңгерлер CABAR.asia сайтына Орталық Азиядағы журналистердің жұмысын реттейтін заңдар туралы айтып, аймақтағы БАҚ қызметінің қазіргі заңнамалық базасындағы негізгі проблемаларды атады.
Өзбекстан: ескірген аккредиттеу ережелері әлі күшінде
Өзбекстанда БАҚ пен журналистердің қызметі келесі нормативтік құқықтық актілермен реттеледі:
- «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң,
- «Журналистің кәсіби қызметін қорғау туралы» заң,
- «Ақпарат бостандығының қағидаттары мен кепілдіктері туралы» заң,
- «Ақпараттандыру туралы» заң,
- «Мемлекеттік органдар мен басқару қызметінің ашықтығы туралы» заң
- Министрлер Кабинетінің «Өзбекстан Республикасы аумағында шет мемлекеттердің бұқаралық ақпарат құралдары корреспонденттерінің кәсіби қызметін реттейтін негізгі ережелерді бекіту туралы» қаулысымен,
- Бұқаралық ақпарат құралдарын мемлекеттік тіркеу бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетудің әкімшілік регламенттері.
«Perspective Consulting» консалтингтік компаниясының медиа-заңгері Ильхом Хамидов бүгінде Өзбекстанның заңнамалық шеңберінде сөз бостандығы шекарасын кеңейту тұрғысынан прогрессивті, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына ықпал ететін өзгерістер бар екенін атап өтті.
«2020 жылдың аяғында Өзбекстанның Қылмыстық кодексіне жала жабу және қорлау үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны алып тастауды көздейтін түзетулер енгізілді. Бірақ «Жалған ақпарат тарату» деп аталатын жаңа 244-бап енгізілді. Жалған ақпарат пен жала жабуды қалай ажыратуға болатындығы әлі түсініксіз, өйткені екі ұғым ұқсас. Алайда, бұл бастама көрсетілген құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті жеңілдетуге және болашақта толықтай декриминализацияға оң үрдіс болып табылады. Дегенмен осы уақытқа дейін бұл болжамды растайтын ешқандай саяси мәлімдемелер болған жоқ», – дейді Хамидов.
Оның айтуынша, өткен жазда Президент Әкімшілігі жанындағы Ақпараттық және бұқаралық коммуникациялар агенттігі (АБКА) «Бұқаралық ақпарат құралдары» туралы заңның жаңа жобасын әзірледі, онда БАҚ өз қызметін бастау үшін мемлекеттік тіркеудің орнына, хабарлау рәсімін енгізу көзделген. Алайда бұл заң жобасы қараудың қай сатысында екендігі белгісіз.
«Сондай-ақ, AБКА 2020 жылдың қаңтар айының басында үш заңнаманы («Ақпаратқа кепілдік пен қол жетімділік», «Ақпарат бостандығының қағидалары мен кепілдіктері»,«Мемлекеттік органдар мен басқару қызметтерінің ашықтығы») бір заңнамаға біріктіруге арналған «Ақпаратқа қол жеткізу еркіндігі, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен басқа ұйымдар қызметінің ашықтығы туралы» жаңа заң жобасын әзірледі. Менің ойымша, бұл өте жақсы бастама және мен бұл туралы өзімнің мақаламда жазғанмын. Алайда, бұл жоба да қаралымның қай сатысында екендігі белгісіз », – деп атап өтті Илхом Хамидов.
Сарапшының пікірінше, журналистерді аккредиттеудің ескірген ережелерін Өзбекстандағы БАҚ заңнамасының кемшіліктеріне жатқызуға болады.
«Бүгінде ақпарат көлемі мен оның алмасу жылдамдығы күн сайын артып келе жатқанда, қағаз түріндегі құжаттардың талаптары, журналистерді аккредиттеу үшін мерзімдер белгілеу (аккредиттеуге өтініш берген күннен бастап 30 күн) журналистер мен БАҚ үшін қолайсыздықтар туғызады», – дейді Хамидов.
Ол Өзбекстандағы журналистердің қызметі мемлекеттік органдардың ақпарат сұратуларымен, атап айтқанда бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистермен көбіне дұрыс жұмыс істемеуімен қиындайтынын да атап өтті.
«Журналистердің «Заманауи журналистиканы дамыту» ҮЕҰ жанындағы Журналистерге арналған құқықтық клиникаға жолдаған өтініштеріне қарағанда, журналистер олардың ақпарат сұрауын үндеумен шатастыратын жағдайға жиі тап болады. Үндеу, шағымдарды қарау тәртібі жеке заңмен анықталады және ақпарат сұрауға ешқандай қатысы жоқ», – дейді БАҚ заңгері.
Өзбекстанда 1997 жылы 24 сәуірдегі «Ақпаратқа қол жеткізудің кепілдіктері мен бостандығы туралы» заңда алғаш рет «ақпарат сұрау» термині қолданылды. Бұл құжат әркімнің тікелей немесе өзінің заңды өкілдері арқылы ақпарат алу құқығын көздеді.
Сондай-ақ, бұл заң сұрау салу формасын және оны қарау мерзімін анықтады. 1997 жылы өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, заңда сұрау салудың екі формасы бекітілген: жазбаша және ауызша, жазбаша өтінішті қарау мерзімі сұрау салуды алған күннен бастап 30 күннен аспайды.
2014 жылы «Мемлекеттік органдар мен басқару қызметінің ашықтығы туралы» заңның қабылдануына байланысты «Ақпаратқа қол жеткізудің кепілдіктері мен бостандығы туралы» заңға түзетулер енгізілді – электронды сұраныс нысаны қосылды (бұл жазбаша сұрауға тең), сондай-ақ жазбаша өтінішті қарау мерзімі алынған күннен бастап 15 күнге дейін қысқартылды.
Қырғызстан: жеке цензура дамуды тежейді
Қырғызстанда бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің негізгі нормативтік құжаты 1992 жылдың 7 шілдесінде қабылданған және Жоғарғы Кеңестің қаулысымен күшіне енген «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң болып саналады.
Сонымен қатар, республикада «Журналистің кәсіби қызметін қорғау туралы» және «Ақпаратқа қол жеткізудің кепілдіктері мен бостандығы туралы» заңдар бар. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі 2008 жылы қабылданған «Телевизия және радио хабарлары туралы» заңымен және 2011 жылдың 2 шілдесіндегі «Қырғызстан Республикасының Президенті мен Жоғарғы Кеңесінің депутаттарын сайлау туралы» Конституциялық заңымен реттеледі.
Медиа Полиси институты сарапшыларының пікірінше, ұлттық заңнаманың қалыптасу кезеңінде «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң баспасөз бен телерадио хабарларын дамытуда ерекше рөл атқарды. Ұзақ уақыт бойы құжат «нарықтың» барлық қатысушылары үшін ыңғайлы болды, бірақ қазіргі кезде оның көптеген нормалары түбегейлі өзгерістерді талап етеді, даулы сұрақтар, олқылықтар мен қайшылықтар бар.
Республикадағы ақпараттық кеңістіктің дамуын тежейтін күрделі мәселелердің бірі – цензура, – дейді заңгерлер.
«Заңнамаға сәйкес, ешкім журналистен хабарламалар мен материалдар туралы алдын-ала келісуді талап етуге, сондай-ақ мәтінді өзгертуді немесе материалды немесе хабарламаны баспасөзден (хабардан) толығымен алып тастауды талап етуге құқылы емес. Алайда, іс жүзінде өзін-өзі цензуралау журналистік қызметтегі ең күшті шектеулердің бірі болып қала береді», – дейді Медиа Полиси институтының заңгері Ақмат Алагушев.
Оның пікірінше, заңды түрде цензура тек ақпараттың таралуына жол бермеу үшін тікелей қысым деп түсініледі.
«Бұқаралық ақпарат құралдарына олардың маңызды жұмысын түзету үшін жанама әсер ету цензура ретінде танылуы керек. Ол әртүрлі формада, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын заңсыз мемлекет меншігіне алу немесе басқа жолмен активтерін бөлісу, ар-намыс пен іскерлік беделді қорғау жағдайында негізсіз жоғары өтемақы төлету, меншікті тәркілеу сынды болуы мүмкін. Цензураға бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істейтін нарықтарға шектеулер қою, азаматтық айналымға енгізілген ақпараттардың таралуына кедергі жасау, журналистерге қатысты қоқан-лоқы мен күш қолдану, БАҚ-ты басып алуды жатқызу қажет», – дейді медиа заңгер.
Заңгердің айтуынша, қолданыстағы заңда цензура тұжырымдамасында БАҚ-қа қысым жасаудың барлық мүмкін әдістерін егжей-тегжейлі сипаттайтын бөлім жоқ.
Сонымен қатар, сарапшы ақпарат құралдарына қол жетімділікке қатысты заңнамалық базадағы кемшіліктерді атап өтеді.
«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының журналистің сұрауына жауап беруі үшін нақты мерзім көрсетілген толықтыруды талап етеді. Жауап бес күннен кешіктірілмей берілуі керек, ал егер сұрау салу азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоршаған ортаның жай-күйін, жазатайым оқиғаларды, апаттарды, қауіпті табиғат құбылыстарын, азаматтардың және мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін төтенше жағдайларға қатысты болса, жауап дайындау мерзімі 2 күнге дейін белгіленуі керек», – дейді Ақмат Алагушев.
Сонымен қатар, жеке меншік нысаны бар ұйымдардың ақпаратына қол жетімділікті нақты белгілейтін түзетулер қажет.
«Кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдар және олардың лауазымды тұлғалары бұқаралық ақпарат құралдарына азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын, қоғамды қызықтыратын ақпаратпен танысу мүмкіндігін ұсынуға міндетті екендігі туралы норманы жеке тармақпен бекіту қажет. Бұл санаттағы ақпарат иелері үшін, статусына қарамастан заңды тұлғаларға да, жеке кәсіпкерлерге немесе аралас меншік формасындағы акционерлік қоғамдарға да 10 тәуліктік мерзім белгіленуі керек», – дейді Медиа Полиси институтының заңгері.
Сонымен қатар, Алагушевтің айтуынша, журналистерді күнделікті жұмысында қорғаудың кепілдіктерін кеңейту қажет.
«Заң бұқаралық ақпарат құралдары шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратуға жауапты болмайтын жағдайларды анықтады. Бұл туралы бап «Ақиқатқа сәйкес келмейтін ақпарат таратқаны үшін жауапкершіліктен босату жағдайлары» деп аталады. Онда медиа журналистерді күнделікті жұмысында қорғайтын төрт позиция анықталған. Бұл норманы қосымша жағдайлармен кеңейту қажет. Осындай жағдайлардың бірі «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңның нормасы болуы керек, оған сәйкес «егер басқа бұқаралық ақпарат құралдары немесе ақпараттық агенттіктер таратқан материалдарды оған сілтеме жасай отырып сөзбе-сөз көшіру болса, хабар тарату ұйымы мен оның қызметкерлері шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттың таралуына жауап бермейді», – деп атап өтті медиа-заңгер.
Сонымен қатар, заңгердің пікірінше, басқа басылымнан қайта басылған немесе көшірілген материалдарға байланысты жкғдай орын алса, редакция, бас редактор және журналисті азаматтардың басқа құқықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны үшін (мысалы, жеке және отбасылық құпияларды жария ету) немесе балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіру, бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығын және/немесе журналистің құқығын теріс пайдалану туралы істе жауапкершіліктен босату керек.
Тәжікстан: қақтығыстар торында
Тәжікстанда медиа ұйымдар мен журналистердің қызметін:
• Тәжікстан Республикасы Конституциясының 30-бабы,
• «Мерзімді басылымдар және басқа бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң,
• «Теледидар және радио хабарлары туралы» заң,
• «Ақпаратқа қол жеткізу құқығы туралы» заң реттейді.
Жалпы республикадағы 10-нан астам заң сөз бостандығы мен ақпарат бостандығына кепілдік береді.
Тәжікстанның тәуелсіз ақпарат құралдарының ұлттық қауымдастығының (ТТБАҚҰҚ) төрағасы Нуриддин Каршибоев қолданыстағы заңдар, негізінен, халықаралық стандарттарға сәйкес келеді деп санайды.
«Алайда заңнамалық актілердің арасында кейбір қайшылықтар мен шектеу шаралары бар, бұл менің ойымша, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшелерінің наразылықтарына себеп болады. Бұл кемшіліктер келесі UPR есебіне дейін елдің заңнамасын үйлестіру барысында жойылуы керек», – дейді сарапшы.
Сарапшы басты проблема елдегі құқық қолдану практикасында жатқанын атап өтті.
«Осы уақытқа дейін Тәжікстанда заңның үстемдігі декларативті ұран болып қана келеді. Кінәсіздік презумпциясы қағидасы сақталмайды, ал тәуелсіз сот билігінің болмауы заңды таңдап қолдануға әкеледі. Жоғарыда айтылған кемшіліктер, елдегі БАҚ қызметінің қиын жағдайларымен байланысты басқа объективті және субъективті факторлармен қатар, журналистерге өз миссиясын еркін орындауға мүмкіндік бермейді», – деп түйіндеді Нуриддин Каршибоев.
Қазақстан: талаптар күшейе түсуде
Қазақстандық медиа ұйымдар қызметінің құқықтық негіздері:
- Конституция,
- «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң,
- «Телевизия туралы» заң,
- «Ақпараттандыру туралы» заң,
- «Байланыс туралы» заң,
- «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» заң,
- Жала жабу туралы нормалар – Азаматтық және Әкімшілік кодекс,
- Жеке өмірдің құпиялары мен қол сұқпау туралы, этникалық, діни араздық пен әлеуметтік қоздыруға, экстремизмнің көріністеріне жол бермеу туралы Қылмыстық және Азаматтық кодекстің нормалары,
- «Жарнама туралы» заң,
- Авторлық және сабақтас құқықтар туралы заңнама.
«Құқықтық медиа орталық» қоғамдық ұйымының заңгері Гүлмира Біржанованың айтуынша, Қазақстан Республикасының Конституциясы барлығына сөз және шығармашылық бостандығына, ақпарат еркіндігіне кепілдік бергеніне қарамастан, бұл кепілдіктер халықаралық құқықта қарастырылған деңгейден әлдеқайда төмен.
«Республикадағы бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнама толығымен шектеу мен тыйым салатын нормалардан тұрады және көбінесе сөз бостандығы саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Соңғы тенденциялар – мемлекет осы саладағы заңнаманы қатайта түсуде», – дейді Біржанова.
Сарапшы бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жақсартуға бағытталған қадамдардың бірі – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қоюы деп санайды. Онда жала жабу туралы бапты қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы ереже бар.
«Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 130-бабы «Жала жабу» Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылды. Сонымен қатар, жеке бейне құқығына өзгерістер енгізілді. Енді бұқаралық ақпарат құралдарына медиа өнімдерді дайындау, басып шығару, көбейту және тарату кезінде бейнеленген адамның келісімі қажет бола бермейді», – деп атап өтті Біржанова.
Ол бұл ереже келесі жағдайларға қатысты екенін айтады:
- егер бейнеленген адам мәдени, спорттық іс-шараларда, кездесулерде, митингілерде, шерулерде немесе демонстрацияларда және басқа да көпшілік іс-шараларға қатысса;
- егер таратылатын ақпаратта адамның бейнесі және осы адамның қызметтік және (немесе) қоғамдық қызметіне қатысты ақпарат болса, сондай-ақ бұл ақпаратты адамның өзі, оның заңды өкілі немесе уәкілетті адам көпшілікке ортақ ақпарат көздерінде жарияласа, материалды қолдану шектеулі емес;
- егер бейнені пайдалану конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен моральдық құқығын қорғау мақсатында жүзеге асырылғанда тиым салынбайды.
Сонымен бірге, медиа заңгердің айтуынша, қазақстандық заңнамада сөз бостандығының дамуына кедергі келтіретін және журналистердің жұмысын қиындататын көптеген нормалар бар. Атап айтқанда, бұл жазбаша және ауызша мәтіндерді тарату, сондай-ақ көпшілік алдында сөйлеу арқылы жасалған әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын бірқатар баптар.
Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің келесі баптары кіреді:
- «Агрессивті соғысты насихаттау немесе жария үндеу»,
- «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру»,
- «Қоғамдық тәртіпті бұзатын, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне айтарлықтай зиян келтіру қаупін тудыратын қасақана жалған ақпарат тарату»,
- «Билікті басып алуға немесе ұстауға, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге шақыру немесе насихаттау»
- «Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға шақыру» және т.б.
Қазақстандағы ең «сәтті» қолдананылатын «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру» бойынша қарастырылатын ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы. Интернеттегі жарияланымдарға қатысты барлық соңғы шулы сот процестері осы баппен байланысты.
«Бұл бапта әлеуметтік, ұлттық, топтық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін немесе діни сезімдерін қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер үшін жауаптылық, сондай-ақ азаматтардың ерекшелігі, артықшылығы немесе төмендігін насихаттағаны үшін жауапкершілік қарастырылған.
Олардың дінге, тапқа, ұлтқа, топтық немесе нәсілдік қатынасының негіздері көпшілік алдында, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы, сондай-ақ әдебиеттерді немесе әлеуметтік, ұлттық, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарын өндіру немесе тарату арқылы жасалса , жаза ретінде екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі шектеу қарастырылған», – деп түсіндіреді Гүлмира Біржанова.
Алайда, оның айтуынша, жақында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабы біраз өзгеріске ұшыраған. Баптың атауындағы «үгіт» ұғымы «қоздыру» сөзіне ауыстырылды, түрмеге жабу мен бас бостандығын шектеумен қатар, екі мыңнан жеті мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш көлемінде қосымша санкциялар енгізілді .
Гүлмира Біржанова Қазақстан билігі ақпараттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіруі керек деп санайды.
«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа демократиялық заң қабылдау қажет, ал құқық қолдану практикасында халықаралық қағидалар мен стандарттарға жүгіну керек. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында сөз бостандығы құқығын жүзеге асыруға байланысты әрекеттерді – қорлау, қасақана жалған ақпарат тарату, өшпенділікті қозғау сияқты әрекеттерді қылмыстық жауапкершіліктен босату қажет», – дейді ол.