Радиоматериалдарды шығару үшін репортаж деген не екенін түсінуіміз керек. Репортаж – оқиға орнынан таратылатын жаңалық, яғни сіз өз аудиторияңызға сол жерде болып жатқан оқиғалар туралы толық айтып бересіз. Радиоматериалдарда бұл өте маңызды, себебі интершумен және дыбыстар атмосферасы жазбасымен “қатысу әсерін” тудырасыз. Сіздің тыңдаушыңыз көзін жұмып, өзін сіздің жаныңызда тұрғандай сезінуі тиіс.
Радиорепортаж шығарудағы негізгі пунктілердің бірі – сіздің дауысыңыз, яғни әңгімені жүргізетін, репортажға қатысушылармен таныстыратын және сұхбатқа ауыстыратын негізгі дауыс. Радиожурналистің дауысы тыңдаушы үшін бағыттаушы іспеттес болуы керек, өйткені оның “суреті” болмайды. Сіздің дауысыңыз, интонацияңыз, кідірісіңіз және логикалық екпініңіз арқылы тыңдарман репортажыңызды “сезінуі” қажет. Ең бастысы: тыңдарман сіз айтқан нәрселерді тыңдағысы келуі керек.
Сұхбаттың фрагменттері – сіз өз репортажыңызды құратын негізіңіз, тыңдарман тек осы фрагменттерді тыңдап–ақ, материалыңыздың мәнін түсіне алады.
Радиорепортаждың негізгі компоненттері:
Дыбыстық сүйемелдеу: интершулар (оқиға орнындағы/репортаждағы табиғи дыбыстар жиыны) оқиғаның атмосферасын құрады, тыңдарманның басында түрлі образдар жасау үшін оны эмоцияларға бөлейді. Бұл репортажыңыздың жақсы қабылдануына көмектеседі. Сондай–ақ, музыка да интершу қызметін атқара алады. Көп жағдайда журналистер дыбыстарды/интершуды жинауға аса көңіл бөлмейді. Олар тек сұхбат жинап, мәтін жазады, бірақ мына бастысын ұмытып кетеді: әр бағытты ұсынудың өз техникасы болады. Теледидарда бейне видеокадр қажет болса, радиода дыбыстар болуы керек. Егер сізде дыбыстар болмаса, радиосюжет жасаудың қажеті жоқ.
Мысал: қарапайым қалалық жәрмеңкені елестетейік.
Жәрмеңке жұмысының интершуын жинау тапсырмасын біз келесідей орындай аламыз:
– адамдар: кетіп барады, сауда жасап жатыр, күліп не сөйлесіп жатыр;
– жұмыс: тиеу–түсіру кезіндегі салдырлаған дыбыстар, арбалар дыбысы;
– техника: машиналар, радиорубка дауысы, музыка, телефон қоңыраулары;
– табиғи орта: иттер, құстар, жел, су сылдыры, т.б.
Базардағы дыбыстар вокзалдағы, университет холындағы немесе адамдар көп жиналған жерлердегі дыбыстарға қатты ұқсайды. Сондықтан сізге бір басым шығатын дыбыс қажет, ол көріністі айқындайтын болады. Егер сіз базарда «Қияр қаншадан? Олар жаңа піскен бе?» деген сөздерді жазып алсаңыз, бұл жәрмеңке екені бірден түсінікті болады. Ал егер, мысалы, «Соңы кім? Мен сізден кейін болам» деген сөз етілсе, бұл кезек екені анық. Көбінесе интершу фон түрінде қолданылады, ал басым дыбыс орынды анықтайды.
Мысалы, сіз жүк арбасымен тауар тасымалдайтын жәрмеңке жұмысшысы туралы сюжетпен жұмыс істеп жатырсыз. Интершуға (фондық дыбыс) оның жұмысы кезінде шығатын тауарларды тиеу, доңғалақтардың қозғалысы, оның ауыр тыныс алуы сияқты шу жатса, басым дыбыс оның «Жолдан былай кетіңдер!» деген сөздері болады шу болады. Фондық дыбыстарды жазу өнері олардың жәрмеңкенің жалпы атмосферасын беруі болып саналады. Олар естіліп тұруы тиіс, бірақ тыңдаушының назарын аудармау үшін тым қатты шықпай, тек атмосфераны беріп тұруы керек.
Интершулар жиі алынбайтын жерде де оларды жинауға болады. Мысалы, әлдебір шенеуіктің кабинетінде, тіпті оған баратын жолдағы дәлізде де. Ең бастысы – алдын ала диктофонды қосу, оны сұхбат басталарда ғана емес, жолда қосып, кейбір интершуларды жинап алуыңыз керек.
Кейде дыбыстар сіз ойлағаннан да көп ақпарат беретінін ұмытпаңыз:
– дәліздегі шу дыбысы жұмыстың қызу жүріп жатқанын білдіреді
– немесе керісінше бос дәліздің дыбысы оның қаңырап тұрғанын көрсетеді
–үздіксіз шырылдап жатқан телефонның дыбысы немесе адамдардың толассыз кезегінің дыбысы, жұмыстың болуы
– тіпті шенеуніктің сізді қарсы алғандағы дыбысы мен сөздері оның мінезін байқатады
Барлық дыбыстар репортажда пайдаланылмауы мүмкін, бірақ түрлі интершулардың болғаны жақсы – бұл сізге таңдауға мүмкіндік береді және сюжетті жақсы ашуға көмектеседі.
Негізгі сөйлесу/сұхбат
Енді сұхбат жазу туралы сөйлесейік
Сұхбатты жазу формасына қарай оны үш түрге бөлуге болады:
– таза сұхбат
– әлдененің фонындағы сұхбат
– белгілі бір әрекет барысындағы сұхбат
Олардың арасындағы айырмашылық фондық дыбыстың болуы деңгейіне байланысты.
Таза сұхбат – қонағыңыз бен журналистің дауысы болатын сұхбат, барынша тыныштықта жазылады. Репортажда қысқа түсініктемелерге қолдануға болады, айтылған комментарийлерге баса назар аудартады, қалған дыбыстар тек кедергі келтіріп, тыңдаушыны алаңдататын болады.
Әлдененің фонындағы сұхбат кейіпкеріңіздің дәл бейнесін көрсетіп, атмосфера тудыру үшін қажет. Мысалы, егер бұл жүк арбасын итеретін адам болса, онда ол жәрмеңкеде болады, ал егер құрылысшы болса, белсенді құрылыс ортасында жүреді.
Тек жауаптарды ғана емес, сұрақтарды да жазып отырыңыз. Сіздің кейіпкеріңіз тоқтаусыз сөйлей алады және сіздің сөзіңізді бөлуі мүмкін. Осыдан монтаждау қиынға соғады. Эфирге 30 минут әңгімені шығара алмайсыз; сізге 15–20 секундтық сұхбат үзіндісі қажет. Егер нақты сұрақ қойсаңыз, оның жауабы 10 минутқа созылса, онда сізде ештеңе жоқ дей беріңіз.
Дыбыстар мен сұхбатты жазып алғаннан кейін мыналарды орындау қажет:
– жұмыс аудиофайлдарын жасау – бұларға сұхбаттағы қолданылатын үзінділер
– барлық дыбыстарды\үзінділерді бір деңгейге жеткізу, әйтпесе бір жері жақсы, қалған жерлері нашар естіледі
– жиналған материал арқылы авторлық мәтін жазу.
Сізге аудио файлдарды өңдеуге көмектесетін көптеген бағдарламалар бар. Мысалы, ең көп таралғандардың бірі – Adobe Audition.
Авторлық мәтін
Сіздің авторлық мәтініңіз тыңдарманға оқиғалардың дамуын бақылауға және сұхбаттан сұхбатқа өтуге көмектеседі. Радиорепортаждарға арналған мәтін барынша қарапайым және түсінікті болуы тиіс. Күрделі сөйлемдерді, көсемшелерді қолданбауға тырысыңыз. Адамдар радионы белгілі бір іс–әрекеттерді орындап жүріп тыңдайды: көлікте кетіп бара жатқанда, қандай да бір жұмысты орындағанда, машинада кетіп бара жатқанда, т.с.с. Мәтін тыңдаған адамға бірден түсінікті болатындай оңай болуы керек. Мәтініңізді материалда айтылған тақырыппен таныс емес туысыңызға оқып беріңіз. Егер ол радиоматериалдың мәнін түсінсе және барлық сұрақтарына жауап алса, демек мәтін кәсіби деңгейде жазылған. Тыңдарман үшін тартымды мазмұн жазамын деп журналистиканың халықаралық стандарттары туралы ұмытып кетпеңіз. Материал объективті, бейтарап және рас болуы керек.
Тыңдарманға басқа радио толқынына ауыса салу қиын болмайтынын ұмытпаңыз. Бірақ сіздің еңбегіңіз бен табандылығыңыздың, жарқын дыбыстардың, қызықты мазмұнның және айрықша жұмыс тәсіліңіздің арқасында оның назарын ұзақ ұстап тұра аласыз.