Редакторлардың жұмыс тәжірибесі көрсетіп бергендей, талдамалы мақала негізінен оның ғылыми зерттелуінің жеткіліксіздігінен емес, көп жағдайда стилистикалық немесе лингвистикалық себептерге байланысты авторға қайтарылады. Әрине, бұл бір жағынан қарағанда әділетсіз, себебі, ізденуші немесе аналитик осы зерттеуге өзінің барлық уақыты мен қажыр-қайратын жұмсайды. Десек те, сарапшылар ортасында талдамалы мақалаларды жариялау мен таратудан өзге, оның нәтижесі фактілік зерттеулермен бірдей маңызға ие. Сауатты жүргізілген шағын зерттеулер мен жақсы жазылған қорытынды мақала сіздің қолжазбаңыздың беделді басылымға қабылдану мүмкіндігін арттырады.
Бұл оқыту модулі талдамалы мақала жазу барысында кездесетін әдеттегі 10 қатені анықтауға арналған. Егер сіз мақала жазуды жаңадан бастасаңыз, онда бұл сізге өзгенің қатесін таба отырып, болашақта қатесіз жазуға үйрену үшін тамаша мүмкіндік.
- Форматтың дұрыс таңдалмауы
Мақала жазбастан бұрын, сіз мақаланы жариялайтын ресурстың авторға арналған талаптарымен жете танысыңыз. Мәтінді жібермес бұрын алдын ала сізге стилистикалық кемшіліктерді болдырмауға және мақаланы дұрыс құрылымдауға көмектесетін нұсқаулықпен танысып, «үй жұмысын» орындаңыз. Сонымен қатар, сіз ресурстың веб-сайтына кіріп, соңғы жарияланымдармен таныса аласыз. Бұл сізге және редакторға уақыт пен қажыр-қайратыңызды үнемдеуге көмектеседі.
- Мақала құрылымының болмауы немесе әлсіздігі
Көп жағдайда мақала авторлары нақты құрылымы жоқ көлемді мәтінді жібереді. Мұндай мәтінді оқу және қабылдау қиынға соғады..
Сараптамалық талдамалы мақаланың әдеттегі құрылымы классикалық ғылыми жұмыстың ашықтығы мен публицистикалық сипаттамасынан айтарлықтай ерекшеленбейді. Ол үш бөлімнен тұрады: кіріспе, негізгі және қорытынды бөлім.
Болашақта жазылатын мақаланы алдымен нақты жоспар құрудан бастаған дұрыс. Жақсы ойластырылған, құрылымдалған және толық айқындалған жоспар сіздің жұмыстың жартысын бітіріп қойғаныңызды білдіреді.
Оның бір емес, бірнеше рет өзгеруі мүмкін, алайда бұл айтарықтай маңызды емес.
Мәтінді толықтай бөлімдерге бөлумен қатар, жекелеген абзацтар мен сөйлемдерге де назар аударған дұрыс. Бір немесе бір жарым беттік күрделі мәтіндік конструкцияларды, абзацтарды қысқарту керек және оларды мазмұндық жағынан ұқсас шағын бөлімдерге бөліп беруге тырысыңыз.
Кеңес: жұмыстың алғашқы құрылымын жасағаннан кейін, оның әлсіз тұстары мен элементтерінің жүйеленуіндегі кемшіліктерді жаңаша көзқараспен көре білетін таныс маманға, сарапшыға немесе жақын адамыңызға көрсетуге болады.
2. Мақала тақырыбын таңдау
Мақала тақырыбы нақты, түсінікті, өзекті, жинақы және әдеби болғаны абзал. Тақырыпта белгілі бір өзекті мәселе немесе соны астарлай жеткізетін ақпарат болуы тиіс.
Мақала атауында оқырман мәтіннің не туралы екенін аңғаратындай түйін сөздер болуы керек. Түйін сөздерді дұрыс таңдау (әдетте 5-6 сөз) арқылы сіз мақалаңыздың іздеу жүйелерінде индекстелуіне мүмкіндік аласыз. Мақалада кездесетін (мақала атауы мен тарауларын қоса алғанда) түйін сөздерді жиі қолдануға тырысыңыз.
Мақала тақырыбы нақты болғаны дұрыс. «Белгілі бір», «кейбір» немесе «айырықша» деген секілді жалпылама сөздерді пайдаланудан аулақ болыңыз. Бұл паразит-сөздер ешқандай ақпарат бермейді. Көп жағдайда автор мұндай сөздерді тақырыпты толық анықтай алмаған кезде қолданады.
Сонымен қатар, мақала атауының тым ұзақ емес, жинақы болғаны дұрыс. Ұзақ тақырыптарды қос нүкте арқылы қысқартуға, ауқымды тақырыпты нақтылауға болады. Көп жағдайда оқырмандарды мақала атауындағы сұрақ көбірек қызықтырады. Мысалы, «Өзбекстанда ҮЕҰ ашу неліктен қиын?».
Кеңес: тақырыпты материал жазылып болған соң таңдау әлдеқайда оңай
3. Мәселенің айқын болмауы
Мәтіннің кіріспесінде негізгі проблема көрсетіліп, бағыты, мақсаты мен міндеттері айқындалып, назар аударта білуі керек. Әдетте мақаланың кіріспе бөлімі екі немесе үш абзацтан тұрады және жалпы мәтіннің 10% -нан аспайды.
Мәтінмен жұмысқа кіріскенде ең маңызды мәселеден бастау керек. Көбінесе, автор қандай да бір нәрселерге алаңдау салдарынан басты тақырыптан ауытқиды немесе оған аз орын бөледі. Әсіресе ежелгі әлем тарихын айтқан кезде көптеген назар аударатын нәрселер болуы мүмкін.
Егер сіздің мақалаңызда екі немесе үш негізгі идея болса, онда ол мақаланы екі немесе үш бөлек мақалаға бөліп жазбас үшін өте жақсы дәлел керек. Сондықтан, «барлық жұмыртқаны бір себетке» салуға және «барлығын бірден қамтуға» тырысудың қажеті жоқ. Бұл сол идеяның ғана емес, сонымен қатар зерттеу саласының географиялық таралуына да қатысты. Орта Азия туралы орташа жалпылама мәтін жазғаннан гөрі, Қырғызстандағы нақты проблемаға бағытталған мақала жазған дұрыс.
- Материалды ұсыну формасы
Ұзақ сөйлемдер. Бірнеше жолдан тұратын күрделі сөйлемдерден аулақ болыңыз. Мұндай сөйлемдерді редактордың кеңесін күтпей-ақ, мағынасы бойынша екі-үш сөйлемге бөлуге болады. Ұзақ сөйлемдердің тиімсіздігі оқырман сөйлемді соңына дейін оқығанша оның неден басталғанын ұмытып қалады. Ең дұрысы, бір сөйлемде бір ой, бір идея болуы керек.
Тіл күрделілігі. Оқырман тұрғысынан ойланып, мәтінді мүмкіндігінше қарапайым етіп жазуға тырысыңыз. Бұл оқырманды сіздің мақалаңызға қызықтыруға көмектеседі. Алайда мәтінді тым қарабайыр етіп жазудың қажеті жоқ. Басты ереже – күрделі, қабылдауға қиын құрылымдардан аулақ болу.
Детальдары шамадан тыс көп мәтін. Мақалаңызда техникалық жаргондарды көп қолданбаңыз. Оқырманды көп сандармен және статистикалық деректермен, сұхбаттар мен ресми құжаттардан алынған үзінділермен таң қалдыруға тырыспаңыз. Егер сіздің мәтініңізде көптеген сандар мен әртүрлі жазбалар болса, оларды бөлек кестемен, иллюстрацияар арқылы қосымша материал ретінде беріңіз.
Қайталаулар. Мақала жазу кезінде қайталаудың екі түрін болдырмау керек: біріншісі – идеялар мен дәлелдердің қайталануы; ал екіншісі негізгі сөздер мен сөз тіркестерінің қайталануы. Сіз өзіңіздің идеяларыңызды жиі қайталап, бір нәрсені айта берсеңіз (қазіргі біздің әрекетіміз сияқты), бұл әдетте сіздің тақырыптың идеясын толық ойластырмағаныңызды білдіреді. Бұл мәселенің шешімі – жоспарлау кезеңінде идеяларды көбірек ойластыру. Жақсы жазылған жоба бірдей тұжырымдаманы немесе фактіні қайталамауға кепілдік береді.
Бірінші немесе екінші жақтан айтыңыз. Сіздің мақалаңыз объективті және еркін көзқарасты білдіру керек. Сол себепті оқиғаны үшінші жақтан баяндауды қолданыңыз. Оқиғаны бірінші жақтан баяндау біржақты, себебі сіз өзіңіздің жеке пікіріңіз бен тәжірибеңізді дәлел ретінде келтіресіз. Есімдікті қолданудан аулақ болуға тырысыңыз.
Қысқартулар. Түсіндірмесі жоқ қысқартулар оқырманға түсініксіз болуы мүмкін. Жалпыға ортақ ереже – мәтінде терминді алғаш қолданғанда толық атауын, түсіндірмесін (оның жақшасында аббревиатураны көрсетіңіз) көрсетіп, ал бұдан ары қарай қысқартылған түрін қолдану керек. Бұл оқырманға мәтінді түсінуде айқындылық береді.
- Дәйексөздер мен сілтемелер
Егер сіз өзіңіздің мақалаңызда қолданған барлық ақпаратқа сілтемені көрсетпесеңіз, онда сіз кездейсоқ плагиатқа жол беруіңіз мүмкін. Мәтінде келтірілген қарапайым ғана идея болсын, қайта түсіндірмесі берілген сөйлем болсын немесе тікелей дәйексөз болсын ақпарат көзіне сілтеме көрсетуді ұмытпаңыз және ол сіздің пайдаланылған әдебиеттер тізімінде болуы тиіс.
Сілтемелермен жұмыс жасағанда үш маңызды нәрсені ескеру қажет: (1) оларды талап етілген стильге сәйкес жүйелі түрде форматтау; (2) мәтінде келтірілген әрбір сілтемені мақаланың соңында және керісінше мәтіндегі әрбір сілтемені көрсету және (3) егер бар болса, толық анықтамалық ақпарат беру.
- Қорытындыға қатысты мәселелер
Мақаланың соңында оқырман үшін жаңа ақпарат болмауы керек. Негізгі дәлелдерді тұжырымдау оқырманға бұрын не талқыланғанын, әсіресе егер мәтін құрылымы жағынан ұзақ және күрделі болған жағдайда оны еске түсіруге кедергі келтірмейді.
Мәтіннің соңында сіз ұсынылған материалдан шығатын нәтижелерді тұжырымдауыңыз керек, бірақ мәтіннің формасы мен ішінара мазмұны бойынша қорытынды мәтіннің негізгі бөлігінде айтылуы тиіс. Алайда оны дәлме-дәл қайталаудың қажеті жоқ. Мұнда автор өз пікірін қоса алады. Сондай-ақ, мүмкіндігі мен мазмұны бойынша проблеманы шешуге кеңес беретін ұсыныстарды қосуға болады. Ұсыныстар жеке, түсінікті, нақты және дәл болуы керек.
- Көлемінің артуы
Авторлар көп жағдайда мәтіннің бекітілген көлемін сақтау туралы талапты елемейді. Десек те, бұл басқа талаптар секілді маңызды. Редакция мәтіндегі сөздердің аздап артуы немесе жетпей қалуына аса назар аудармауы мүмкін. Бірақ, егер автор материалды бірнеше бетке арттырып жіберсе немесе керісінше, тақырыпты ашпай өте аз көлемде жазса, онда автордан материалды қайта өңдеу талап етіледі.
Сіз үшін мәтінді редактор қысқартады деп үміттенудің қажеті жоқ. Бұл ең алдымен автордың тікелей жауапкершілігі. Редактор өзгерткен мәтінінің соңғы нұсқасы автордың көңілінен шықпауы мүмкін. Себебі, автор үшін әрбір сөз бағалы және мәтінде қажетсіз сөздер жоқ.
- Тәртіп
Мәтін жазу – өте маңызды іс, сондықтан мақала жазуды оны жариялауға бір түн қалған кезде бастау қате болар еді. Сіз оны аяқтамауыңыз мүмкін, әдеттегі ұйқы режимін бұзасыз немесе орташа және қисынсыз нәрсе жазуыңыз мүмкін.
Әдетте мақаланы жазудың дедлайны редактормен алдын-ала талқыланады, сондықтан маңызды мәселелерді соңғы сәтке қалдырмай, тәртіпті назардан тыс қалдырмаған жөн. Егер сіз күн сайын бір абзацтан жазсаңыз, бірнеше күннен кейін сізде мәтін дайын болады.
- Өздігінен редакциялаудың болмауы
Орфографиялық дағдыңыз қаншалықты қалыптасқанына қарамасатан, кез келген адам қате жіберуі мүмкін. Өзіңіздің мақалаңызды редакторға жібермес бұрын мұқият тексеріп, қайталап оқуды (мүмкін болса, бірнеше рет) ұмытпаңыз. Орфографияны тексеріп, барлығының дұрыс екендігіне көз жеткізу қажет және мазмұнға да назар аударған дұрыс. Жоспарды алғаш жасаған кезіңіздегі секілді, осы кезеңде де сіз өзіңіздің досыңыздан, әріптесіңізден немесе редактордан мақалаңызды оқып, мүмкін болса редакциялауды сұрай аласыз.
Өкінішке орай, компьютерлік емлені жөндеуге арналған бағдарламалар барлық мәселені шешпейді. Олар сөздерде кеткен қателерді анықтағанымен, мәселен, дұрыс жазылған сөздерді орынсыз қолдану жағдайларын анықтай алмауы мүмкін.
Ақпарат көзі: В. Радаев. Правила написания письменных текстов (отчеты, статьи, учебные эссе).