Жүктеу
Басып шығару

Наразылық акциялары кезінде журналистің қауіпсіздігін сақтаудың 10 ережесі

Митингтер, пикеттер, наразылық шаралары қарапайым халыққа биліктің әрекеттеріне қарсылықтарын білдіруге көмектеседі. Дамыған елдерде бұл – демократияның тиімді құралы. Бірақ, Орталық Азия елдерінің басым көпшілігінде тұрғындар кейбір мәселелерге деген көзқарастарын билік басындағыларға жеткізу үшін ғана жаппай наразылық акциясына шығуды үйренуде.

Көбінесе, мұндай акциялар қауіпсіздік күштерінің қақтығысуымен бітеді. Мұндай кезде қарапайым азаматтар мен журналистер – көше демократиясының серіктестері және куәгерлері запа шегеді.

Қырғызстандық медиа сарапшы Азамат Тынаев және CABAR.asia медиамектебі БАҚ қызметкерлеріне митингтер кезінде өздерін қалай қорғауға болатындығы туралы ұсыныстар дайындады.

#1 Редактор журналистерді қайда жіберетінін түсінуі керек

Негізінен жаппай наразылық акциялары туралы хабар таратудың бірыңғай ережесі жоқ. Әр жағдай әртүрлі. Сондықтан біз мұны экстримальды журналистика деп атаймыз. Себебі, қандай жағдайға неге дайын болу керектігін білу мүмкін емес.

Бұл – наразылық акциялары немесе оқиға орнынан хабар таратпас бұрын жағдайды бағалау керек дегенді білдіреді. Иә, өмір алдымызға кедергілерді бірінен кейін бірін қояды. Алайда, не істеу керектігі туралы тұспалдап белгі береді.

Редактор «даудың ортасында» жұмыс істеудің негізгі кемшіліктерін білуі керек және олардың журналист үшін қаншалықты қауіпті екендігін ескеруі тиіс. Фрилансерлерді қоспағанда, тек редактор ғана мұндай «даулы оқиға туралы» жаңалық таратуға журналисті жіберу немесе жібермеу туралы шешім қабылдай алады. 

Ал ықтимал тәуекелдер мен қатерлер үшін жауапкершілік тек редактордың мойнында. 

#2 Журналист наразылық білдірушілердің «тілінде» сөйлей алуы керек

Наразылық акциясына күйзеліске шыдамды және тәжірибелі журналисті жіберген дұрыс. Ең дұрысы – біреу ғана емес. Мұндай оқиғалар кезінде келеңсіздік болып қалса, бір-бірін сақтандыру үшін екеуара жұмыс істеу қажет. Оған қоса, толқулар кезінде ұлтшылдық тұрғысынан сұрақтар туындап қалуы мүмкін. Редактор оқиға орнына қызметкерлерді жібере отырып, мұны да ескеруі тиіс.

#3 Оның жынысы маңызды емес!

Толқулар ошағында жұмыс істейтін журналистің гендерлік мәселелеріне келетін болсақ, айтар ештеңе жоқ. Оқиғаға қатысушылар тарапынан агрессия БАҚ қызметкерінің жынысына қарамастан-ақ туындауы мүмкін. 

#4 Митингте биік өкшелі аяқ киім кию – бұл қателік

Митингке әйел, ер адам ба, кім баратыны маңызды емес. Қайсысы барса да оқиға болып жатқан жерге жинақы киініп барғаны дұрыс. 

Негізінен мұндай ұсақ-түйекке ешкім мән бермейді. Бірақ, наразылық акциялары кезінде журналистердің биік өкшелі аяқ киім киіп репортаж жасайтындар болып тұрады. Бұл – ақылға қонымсыз. Себебі, оқыс оқиға бола қалса, қажеттілік туындаса, дереу оқиға орнынан кетуге дайын болу керек. Ал ыңғайсыз аяқ киіммен тез әрі алысырақ қалай қашып кетуге болады?

#5 Бірыңғай форма құтқарады, бірақ, үнемі емес

Митинг кезінде журналистерді көпшіліктен өзгешелеп тұратын белгілер қажет. «Пресса» деген жазуы бар кеудешелердің жеткіліксіз екендігін тәжірибе көрсетті. Пассивті қорғаудың қосымша құралы ретінде жапсырмалар, білезіктер немесе бейсбол қалпақшалары болуы керек.

Журналистің бірыңғай формасы көпшіліктің ашуын тудырып немесе басқа да қатерлерге ұрындырып жіберуі мүмкін екендігін естен шығармаған жөн. Әсіресе, егер әрекеттері заңсыз немесе біреудің есебінен төленуі мүмкін адамдар тобының әрекеттері қамтылса.

#6 Бас жарылғанша, шлем жарылғаны жақсы

Велосипед айдағанда киетін шлем немесе тіпті, құрылысшыларға арналған каска – бұл бас-ми жарақатынан сақтайды. Әсіресе, топ ішіндегі адамдар кім болса соған тас лақтыра бастаған жағдайда басты қорғайтын шлем керек болады.

Алайда, журналистер шлемнің артықшылығын әрдайым бағалай алмайды. Мынадай оқиға болып еді. Бір БАҚ-ның қызметкері енді велосипед шлемін кимеймін деген. Бірақ, жігіт құлап қалғанда, оның басы емес, шлем жарылды. Бұл тұста не айтары бар? Жас адам оқиғадан қате шешім шығарды: егер оның басында шлем болмаса, оның басы жарылатын еді.

#7 Милитари стиліндегі киім – табу

Жаппай бұқаралық наразылық туралы хабар тарату кезінде әскери үлгідегі кез келген белгіні қолдануға тыйым салынады. Журналист азаматтық киім киюі керек. 

#8 Митингте аса бағалы техникасыз да жұмыс істеуге болады

Журналистік техникамен көпшіліктің назарын өзіңізге аударудың қажеті жоқ. Ашуға булыққан топтың арасында мұны естен шығармаған жөн. Техника қымбат болғандықтан оны ұрлап кетуі мүмкін, сондықтан міндетті түрде мұқият болу керек. Смартфон арқылы да оқиғаны видеоға түсіруге болады. Оған қоса, мұндай әдісті тек журналистер ғана емес, қарапайым азаматтар да қолданады.

Біз енді ғана тікелей эфир этикасын оқып және түсініп жатырмыз. Бұл құрал журналистика саласындағы жаңа дүние емес, бірақ, әлі де егжей-тегжейлі зерттелмеген. Көбіне оператор камераны қосып қойып, ол не түсіріп жатқанына мән бермейтін жағдайлар болып тұрады. 

Дегенмен, болып жатқан процесті  түсініп, кадрдан не көрініп тұрғанын ұғу керек. 

#9 Өштесу тілінен аулақ болыңыз

Контент журналистердің әлеуметтік желіге жариялайтыны – жеке мәселе. Эмоцияға берілген және күйзеліске түскен адамдар орынсыз пост жазып, баспасөзге деген жағымсыз көзқарас тудыруы мүмкін. 

Журналистерге мүмкіндігінше бейтарап, объективті болуды және олардың желідегі парақшаларында қандай да бір шу тудыратын пікірлерге жол бермеуді, даулы мәлімдемелер мен жек көретін сөздерді қолдануды болдырмауды үйрету өте маңызды.

Біз тәжірибемізде шулы оқиғаға толы контент журналистің атына арыз түсіруіне алып келуі мүмкін жағдайларды байқап жүрміз. Яғни, жағдай тұрақталды, мәселе біраздан бері ұмытылды. Ал редакцияға арыз түседі. 

Осы орайда, журналист үшін өзін физикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар оның материалдары, мәлімдемелері болашақта қиындықтар туғызбайтындығына көз жеткізу маңызды. 

#10 Ең басты ереже

Бірде-бір репортаж журналистің өмірінен артық емес. Біз оқиғалардан қашып құтыла алмаймыз, бірақ, қауіпсіздік үшін қашықтықты сақтауымыз керек.

Бұл ғаламда біздің мамандық туралы біртүрлі түсінік бар: біз өзімізді қорғау маңызды деп айтамыз, бірақ, кәсіби тұрғыдан тәуекел ету – жұмысымыздың бір бөлігі болып қала береді.

Негізгі фотосурет: RFE/RL

Егер сіз емле қатесін тапқан болсаңыз, бізге мәтінді таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басу арқылы хабарлаңыз.

Жүктеу
Басып шығару