Жүктеу
Басып шығару

Қырғызстандағы сайлау маусымы: осы кезеңде журналистер мен БАҚ қалай жұмыс істеуі керек

 2021 жылы 10 қаңтарда Қырғызстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Сол күнге республиканы басқару формасы туралы бүкілхалықтық референдум белгіленген. Қырғыз Республикасы Президентінің міндетін атқарушы Талант Мамытов бірнеше күн бұрын референдум өткізу туралы заңға қол қойды.

 Сондай-ақ келесі жылдың 1 маусымынан кешіктірмей Жоғарғы Кеңештің VII шақырылымына қайта сайлау өтеді деп күтілуде.

 CABAR.asia БАҚ заңгері Акмат Алагушевпен бірге журналистер сайлау процестерін ұлттық заңнама тұрғысынан қалай қамтуы керек деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Егер бұқаралық ақпарат құралдары үгіт-насихат жұмыстарына қатысқысы келсе не істеуі керек?

Сайлау өткізу туралы шешім ресми жарияланғаннан кейін сайлау науқанына қатысуға ниет білдірген телерадио ұйымдары, мерзімді басылым редакциялары мен интернет-басылымдардың иелері 20 күнтізбелік күннен кешіктірмей эфир уақыты, баспа кеңістігін ұсынғаны үшін төлемнің мөлшері мен өзге шарттары туралы ақпаратты жариялауға және осы ақпаратты Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) жіберуге міндетті. 

Биыл жағдай біршама басқаша - сайлауға алты айдан аз уақыт қалды, бұл қалай болады?

Сайлауға 2020 жылдың қазан айында өткен парламент сайлауында аккредитацияланған барлық БАҚ өкілдері қатысуы тиіс.

Сайлаудан хабар тарататын БАҚ неге жол бермеуі керек?

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары ресми басталғанға дейін онымен айналысуға болмайды. 

Сайлауға дайындықты, ОСК-ның осы бағыттағы жұмысын, сонымен қатар кандидаттар туралы жалпы ақпарат беруге болады. Алайда үгіт-насихат жасауға, яғни белгілі бір үміткерлерге, партияларға дауыс беруге шақыруға, сайлау нәтижесі қалай болатынын бағалауға тиым салынады.

Үгіт науқанының уақыты қандай?

Уақыт соңғы үміткердің қашан тіркелетініне байланысты.Әдетте соңғы кандидатты тіркеу аяқталғаннан кейін сайлауалды үгіт жұмыстары басталады.

Ол дауыс беру күніне бір күн қалғанда аяқталады.

Қырғызстанда Президенттік сайлауға үгіт-насихат жұмыстары 15 желтоқсанда басталады.

Егер бұқаралық ақпарат құралдары үміткермен келісім жасаса, онда олар сайлауалды штаб жіберген барлық нәрсені жариялауға міндетті ме?

Бұл БАҚ пен штаб арасындағы жеке келісім мәселесі.

Журналистерге сайлау процесін жариялау үшін бөлек аккредитация қажет пе?

Бұл жөнінде журналистерге арнайы талаптар жоқ.

Сайлаудан хабар таратқысы келетін шетелдік БАҚ үшін міндетті құжаттардың тізімі бар ма?

Сайлауға дайындық пен өткізу процесінен хабар тарату үшін шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері Орталық сайлау комиссиясына өтінім және республикада шетелдік БАҚ тілшілерін аккредиттеу туралы ережеге сәйкес, Қырғызстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлік арқылы тіркеледі. 

Журналист жұмыс барысында қандай ақпарат алуға құқылы?

Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңда көрсетілген кез келген ақпаратты алуға құқылы.

Сайлау күні бір басылымнан бір сайлау учаскесінде неше журналист жұмыс істей алады?

Қырғызстан Республикасының заңнамасында мұндай шектеулер жоқ.  Әр бұқаралық ақпарат құралы сайлау учаскесіне қажет деп тапқан тілші санын жіберуге құқылы.

Фото мен бейне түсірілімге шектеулер бар ма?

Учаскелерде фото және видео материалдарды дауыс беру құпиясын ескере отырып дайындау қажет.  Яғни, сайлау жәшіктерін, бюллетеньдерді және т.б. түсіруге болмайды. 

Сондай-ақ коронавирус пандемиясына байланысты да шектеулер бар.

Кандидаттар мен партиялар туралы социологиялық зерттеулерді жариялаудың дұрыс жолы қандай?

Кез келген социологиялық сауалнама сайлаушыларды ақпараттандырудың бөлігі болып табылады. Бірақ оны жариялау кезінде БАҚ зерттеуді қай ұйым, қай уақытта және қай аймақта өткізгенін, қандай әдіспен және қандай қателіктер жібергенін көрсетуі керек. Сонымен қатар сауалнамаға тапсырыс берушінің аты-жөні көпшілікке жария етілуі тиіс. 

Социологиялық сауалнамаларды дауыс берудің соңғы бес күнінде жариялауға болмайды.

Үміткерлердің беделін түсіретін ақпаратты таратқаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?

Бұзушылықтар туралы Қырғызстан Республикасы кодексінің 46-бабында сайлау тағайындалғаннан бастап сайлау нәтижелері ресми жарияланғанға дейінгі кезеңде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үміткердің немесе саяси партияның ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін түсіретін ақпаратты таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылған.

Осы бап бойынша істерді сайлау комиссиялары қарайды. Келіспеген жағдайба ОСК шешімдеріне сот арқылы шағым жасауға болады.

БАҚ аккредитациядан айырылуы мүмкін бе?

Иә, ОСК мұндай шешімді Қырғызстан Республикасының кез келген азаматы бере алатын шағым негізінде қабылдауға құқылы.

Сот ісіне ілікпес үшін кандидаттар туралы материалдар қандай болуы керек?

Сайлау кезінде ақпарат құралдары үш түрге бөлінеді: жағымсыз, позитивті және бейтарап.

Әдетте бейтарап ақпарат ешкімнің таласын тудырмайды .

Сайлау науқаны кезінде біреу заң бұзушылықты тіркеген жағдайда оң ақпаратқа шағым жасалуы мүмкін.

Әрине, жағымсыз ақпарат көп жағдайда сот ісін қозғауға негіз болуы мүмкін.

Егер сіз емле қатесін тапқан болсаңыз, бізге мәтінді таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басу арқылы хабарлаңыз.

Жүктеу
Басып шығару