Жүктеу
Басып шығару

Жаңа медиадағы геймификация. Геймификация құралдары Орталық Азия журналистеріне қолжетімді ме?

Геймификация – бұл адамдардың ойлау қабілетін өзгертуге немесе бұқаралық ақпарат құралдарына көп аудитория тартуға бағытталған журналистикадағы жаңа бағыт. Алайда гейм-мазмұнды контент құру өте күрделі және біраз шығынды қажет ететін процесс. Сонымен, геймификацияға қаражат салу қажет пе және бұл Орталық Азия журналистеріне қаншалықты қолжетімді?

Дерек Келин. Photo: github.com/DerekCaelin

Ойындардың қоғамға әсерін зерттеген, бұрын ойын құрушысы болған америкалық Дерек Келин CABAR.asia медиа мектебіне сұхбат берді. Ол геймификацияның артықшылықтары, журналистер өз жұмысында ойындарды қалай қолдана алатындығы туралы және геймификация құралдарының Орталық Азия журналистеріне қолжетімділігін сөз етті.

Журналистер неліктен өз жұмысында геймификацияны қолданады?

– Көптеген адамдар ойын тетіктерін контентті қызықты ету үшін бастапқыда ойын емес нәрсеге қолданғандықтан «геймификация» сөзін құп көреді. Журналистикадағы геймификация туралы айтар болсақ, ойындарды бөлісуі қиын оқиғаларды баяндау үшін қолданады және аудитория мұндайда пассивті емес, контентке белсенді араласады. Мұның дәстүрлі журналистік техникадан айырмашылығы бар, мысалы, адаммен сұхбат қандай да бір статистикамен берілгенде немесе керісінше: оқиға эмоция қосу үшін жеке әңгімемен біріктіріледі.

Менің ойымша, бұл өте қызық және кәсіби технологиялық дағдыларды қажет етпейді, бірақ бұл әңгімелеудің сапалық жағынан басқа түрі.  Дәстүрлі форматтардағыдай, бұқаралық ақпарат құралдарында ойындарды маңызды мәселелерді құжаттау немесе сипаттау үшін пайдалануға болады. Мысалы, Сириядағы қақтығыс тақырыбы интерактивті медиа-контентте кеңінен қамтылды. «1000 Days of Syria», «Syrian Journey: Plan your Escape Route», «Endgame: Syria» және «Project Syria» – бұл интерактивті әңгімелеу ойындарының мысалдары, бұл ойыншыны соғысты бастан кешіріп жатқан және тірі қалып, қақтығыс аймағынан қашу үшін шешім үстіндегі сириялық азаматтардың орнына қояды.

Дәстүрлі журналистік форматтармен салыстырғанда геймификацияның ерекшеліктері қандай?

Ойындар дәстүрлі форматтардан интерактивтілігімен ерекшеленеді.  Бейне, аудио және баспа құралдары статикалық әңгімелеуді қолданады: оқиға оны кім қарап отырғанына байланысты өзгермейді, ал көрермен оның өрбуіне әсер ететін шешімдер қабылдамайды. Ойындар интерактивті, яғни көрермендер сюжетті құруға және дамытуға белсенді қатысады. Мұндай интерактивтілік ойыншылардың оқиғалармен өзара әрекеттесу деңгейі мүлде басқаша екенін көрсетеді.

Ойындар ойыншыларға белгілі кейіпкерлер ретінде ойнауды, шешім қабылдауды және сол шешімдердің нәтижелерін бақылауды ұсынады. Дәл осы интерактивтілік ойындардың мұғалімдерге, жаттықтырушыларға және белгілі бір проблемаға басқа көзқарасты жеткізетін адамдарға ұтымдылығын көрсетеді.

Журналистикада геймификацияның қолданылуы қаншалықты тиімді?

Стэнфорд университеті виртуалды шындық пен эмпатия туралы зерттеулер жүргізді. Зерттеулер бейне ойындар адамдардың белгілі бір мәселелерге деген көзқарасын өзгерте ала ма, жоқ па немесе адамдардың оқиғаларға қалай қарайтынын білуге ​​бағытталған.  Зерттеушілер үйі жоқ адамдардың ойын базасына негізделген ұзақ мерзімді зерттеу жүргізді. Ойыншы виртуалды шлем киіп, үйсіз адамның орнына шешім қабылдауы тиіс болды. Зерттеу барысында ұзақ уақыт ойын ойнаған адамдардың үлкен тобы үйсіз-күйсіз адамдар туралы және оларға қалай қарау керек деген ойларын өзгерткендігі анықталды.

Бүгінгі күні БАҚ-та геймификация қаншалықты кең таралған?

Жалпы, ойын жасау журналистиканың жедел қарқынынан артта қалып жатыр деп ойлаймын. Ойын жасау үшін арнайы жағдайлар қажет, ал редакторлар ойынның сәтті болуы үшін ақша салғысы келетін-келмейтінін нақты шешуі керек. Көбінесе адамдарға шынайы өмірдегі оқиғалар немесе оқиғалар туралы әңгімелер ұнайды. Авторлар ойынның күшін адамдарға белгілі бір оқиғалардың түйінін жеткізуде әңгімелеудің шекарасын ашу үшін қолданады.

Менің ойымша дәстүрлі журналистер ойындарды әңгімелеу тәсілі ретінде пайдаланады, бұл ойын сипатына көбірек сәйкес келеді. Стандартты әңгімелеу әдістері әлі де дәстүрлі.

Бұқаралық ақпарат құралдарының көп бөлігі бейне, аудио, баспа мазмұны немесе желі арқылы тұтынылады.

Журналистер жұмысына ойындар мен жаңа технологияларды енгізу үшін қандай дағдылар мен білімдерге ие болуы керек?

Ойындарды құру өте қиын және көбіне бұған көп тапсырмалы топ қажет (немесе адам). Сондықтан ойындарды өндіруге видеоға немесе баспа материалдарына қарағанда көп қаражат кетуі мүмкін, алайда тұтынуда бұл бірдей уақыт алады.

Ойындар жасау әдеттегі журналистика дағдыларынан тыс бірқатар дағдыларды қажет етеді. Сіз нақты әңгіме құра отырып, күрделі сюжет құру үшін журналистиканың дағдыларын ғана емес, сонымен қатар бейне және аудио шығарудың технологиялық дағдыларын, сондай-ақ ойын компоненттерін құрастыруыңыз керек.

Бірақ технология дамуда, ойын құруға мүмкіндік беретін құралдар жасалды. Әрине, көрнекі және аудио мазмұны бар үлкен жобалар жасау үшін журналистер тәжірибелі ойын жасаушылармен серіктес болулары керек. Көптеген нұсқалар бар. Студенттермен және тәуелсіз ойын жасаушылармен серіктестік құру пайдалы, команда өндірістік процесті дамыту үшін қаражат тапса тіпті жақсы, әрине.

Қаржылық қолдаудың жоқтығынан геймификация құралдары Орталық Азия журналистеріне қолжетімді ме? Сіз оларға қандай кеңес берер едіңіз?

Көптеген құралдар бар. Twine Game Engine – бұл бағдарламалаудың кез-келген дағдыларынсыз-ақ қолдануға болатын қолжетімді құрал. Бұл құрал бағдарламалау дағдылары жоқ адамға сюжеттік тармақтары бар оқиғаны баяндауға көмектесе алады. Ол желіде қолжетімді немесе егер сізде компьютер болса, оны жүктегеннен кейін орнатуға болады.

Бұл тек ең қарапайым құрал, бірақ егер сіздің үлкен жоспарларыңыз болса, сондай-ақ мәтіндік блоктардан бөлек ойын элементтерін қолданғыңыз келсе, менің ойымша, бағдарламашымен немесе ойын жасаушылармен серіктес болу маңызды. Сіз университеттермен немесе тәуелсіз ойын жасаушылармен серіктестік құра аласыз. Мәселе мынада, ойын неғұрлым күрделі болса, соғұрлым оны жасау үшін сізге көп дағдылар мен ресурстар (уақыт пен ақша) қажет болады.

Жиі ойынмен ұзақ уақыт жұмыс істейтіндіктен, сізге қосымша бюджет қажет болады, сондықтан ақша іздей бастайсыз. Сол себепті де журналистерге Twine сияқты ақысыз және қолжетімді құралдарға назар салып жүру маңызды. Тек сөздерді қолдана отырып, бірнеше резонанс тудыратын әңгімелер жасауға болады. Сонымен қатар, бұл құралдар әлдеқайда арзан және ойындар құру әлдеқайда жылдам. Twine – бұл кез келген адам пайдалана алатын ақысыз және ашық қолданыстағы құрал.

Егер сіз емле қатесін тапқан болсаңыз, бізге мәтінді таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басу арқылы хабарлаңыз.

Жүктеу
Басып шығару